1 тарау. Ормандағы кездесу

Жаз! Ах, жаз! Көптен күткен орман гүлдері, саңырауқұлақтар мен жеміс-жидектер мезгілі! Қолыңа себет алып, таңғажайыптарға толы ертегілер әлемінің орманында серуендеген қандай тамаша. Иә, егер ол орман сенің үйіңе жақын болып, анаң серуендеуге жалғыз жіберсе...Ваня қыс бойы осыны армандады. Енді, міне...
– Амансың ба, Үш басты айдаһар! Қал-жағдай қалай! – деп Ваня орманның үстімен төмен ұшып бара жатқан Үш басты айдаһарға айғай салды. Ол Айдаһар жоғарыдан өзін көрмей қалар ма деп қорыққаны сонша, ақ қалпағымен өрекпи бұлғап, тіпті қолындағы бүлдірген толы себетін төгіп ала жаздады.
– Жап-жақсы! – деген дауыс жоғарыдан естілді. Айдаһар алаңды айналып келіп, қонуға бет алды да, Ваняны қанатымен, не құйрығымен қағып кетпестей абайлап қонды.

Әлі таңертеңгі балғындық кете қоймай, шегірткелер шырылдап, көкектер жарыса шақырып жатқан еді, ал піскен бүлдірген болар-болмас діріл қаққан шөптің арасынан бірде көрініп, бірде көрінбей қалады. Алаңқайды аласа сымбатты шыршалар қоршап, қайыңдар шоғыры сап түзеген. Қылшаның иісі аңқиды. Қайыңның ерекше сыбдырын тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің... ал көзіңді жұмып алсаң тіптен тамаша. Өйткені, көзіңді жұмған кезде орманның әуенімен ойыңа ертегі оқиғалары жақсы түседі. Ваня шексіз қиялдарға берілетін. Ол Үш басты айдаһарды көптен көрмесе де, жанына аман-есен қайтадан ұшып келді. Ваня Үш басты айдаһардың өзі болған алыс елдер туралы қызықты әңгімелерін тыңдауды қыс бойы армандап шыққан еді. Айдаһар да өзінің ескі досы Ванечканы сағынып қалыпты. Ол қалада көп моторлы дарылдаған машиналардан, көк түтін бұрқыраған мұржалардан қорқып, Ваняның балконына қонуға батылы жетпей жүрді. Ал орманда, табиғат аясында, таза ауада ескі досы Ванечкамен кездесудің жайы бір басқа.

– Мен әбден қартайдым, егер сенің ақ қалпағың болмаса, сені өзімнің көзілдірігімсіз көрмей қалар едім, – деді Айдаһар.
– Қалың қалай? Сені Қасқыр ренжітіп жүрген жоқ па? Ұшып жүргенде не көріп-білгенің бар?  – деп Ваня сұрақтың астына алды.
– Бәрі жақсы. Қасқыр ренжітпейді,– деп Айдаһар асықпай әңгімелей бастады. –  Біздің орманда енді Қасқыр жоқ. Әйтпесе, әбден титықтататын еді, антұрған. Далада ептеп дем ала қояйын, жарты сағат ұйықтап алайын деп қисая кетсем болды, аяқ астынан сол жетіп келіп, менің құйрығымнан тартып, сүйреуге тырысатын. Оны аңшылар ұстап алды. Енді зообақта ұлып отыр. Оған сол керек.

Ал, мен енді кез-келген алаңда қанша жатып ұйықтағым келсе, сонша ұйықтай аламын. Мені енді ешкім ренжітпейді. Мен қартайдым, Ванюша, таяуда мен 100 жасқа толам. Әлемді аралап аз ұшатын болдым және енді не айтарымды да білмеймін. Көбінесе жерде жүремін. Бірақ бір жаңалығым бар. Мен Мыстан кемпірдің алауошақшысы болып жұмысқа орналастым. Енді үйшіктің ішіне пеш жағудың керегі жоқ. Мен – пештің қызметін атқарам. Егер ботқа немесе шөпдәрі пісіру керек болса,  қыш құмыраға ыстық лебіммен үрлеп қалам – бірден піседі.

Міне, солай өмір сүріп жатырмыз: мені Мыстан кемпір сол үшін ботқаға тойдырады. Бүлдірген қосылған ұнтақ ботқасын өте жақсы көремін. Ал, бал қосылған ұнтақ ботқасы ше...! Үш басты айдаһар тәтті ойға балбырап үш бірдей тілін жалап алды.
Аяқ астынан ойламаған жайт болды. Осы кезде олардың жанынан өз бетінше жүрген сона ұшып бара жатты, оның жолынан ойламаған жерден кесе-көлденеңдеп ұзын тілдер өте берді. Ол қорыққанынан өзінің бізгегін ортаңғы тілдің дәл ортасына сұғып алды.

Мен сіздерге айтайын, осыдан кейін апалаң-топалаң басталды.
Сіз мұндайды ешқашан көрген жоқсыз!
Сона шаққан Үш басты айдаһар Ваняның зырылдауығы сияқты зыр айналды және оның дауысы да ұқсап кетті: у – у – у – у... .
– Тоқтай тұршы, Айдаһар, безек қақпашы. От жалындатқаныңды доғар. Сонаға ашуланба! Ол байқамай қалды. Солай болып қалды. Өзің ғой тіліңді шығарған.

Тоқтат! Көрдің бе, қасыңда бұлақ ағып жатыр. Мен оның жағасынан  балшық әкеліп жағып беремін, бұлақтың жанды суын құямын, көресің, ауырғаны бірден кетіп қалады.

Үш басты айдаһар шағылған тілін шығарды. Ваня шаққан жерге балшық жақты, сосын тілін бұлақтан әкелген сумен жуды. Үш басты айдаһардың жағдайы жеңілдеп қалды, ауру жоғалып кетті. Айдаһар тынышталды.
– Құтқарушым, менің сақтаушым, Ванечка, ақылды басыңнан айналдым! Мұндай жағдайда не істеу керек екенін сен қайдан білдің? – деп сұрады Үш басты айдаһар.
– Мен, Үш басты айдаһар, тек сенің алыс елдер туралы әңгімелеріңді тыңдағанды ғана жақсы көрмеймін. Мені Халық Даналығы туралы атам айтқан әңгімелер де қызықтырады. Соналар мен аралар шаққанда  ауырғанды қалай басу керек екенін маған сол үйретті.

–  Ал «Халық Даналығы» деген не? – деп сұрады Айдаһар.
– Ол – адамдар өмірде өздерінің тәжірибесіне сүйене отырып үйренген нәрсені айтады. Мәселен, аурудан қалай емделуге болады.
– Егер олай болса, Ванюша, сен менің Мыстан кемпіріме ұнайтының анық. Ол кәрі аңдарды шөппен емдеймін деп желігіп отыр. Менен басқа ешкім жоқ дейді. Айболит дәрігер мартышкаларды емдеймін деп Африкаға ұшып кетіпті, ал біздің аңдарды емдейтін ешкім жоқ. Сондықтан, Мыстан кемпір осы істі қолға алды. Енді орманда Бас дәрігер – менмін! деп бәріне жариялады.
– Иә, – деді Ваня, – ол кәрі, ол Халық Даналығын көп біледі!

– Ол сені де көп нәрсеге үйретеді, – деді Үш басты айдаһар, – мүмкін сен өскен кезде Айболит сияқты аңдарды емдейтін дәрігер болатын шығарсың.
Ваня Айдаһардың үстіне мініп алып, ортаңғы мойнынан мықтап ұстады да, екеуі ұшып кетті.
– Айдаһар, сенің галстугіңнің болмағаны қандай өкінішті.
– Ал галстук деген не? – деп Айдаһар шеткі басын бұрды.
– Айдаһар, басыңды бұлғақтатпа, сосын түсіндіремін. Байқа, әуе шұңқырына түсіп кетпе, әйтпесе мен құлап қалам.
Айдаһар үш басын бірдей шұлғыды да, баппен жоғары самғады.

Ваняның алдынан керемет көріністер тізбектелді! Ол мұндай әдемілікті бұрын-соңды көрмеген еді. Айдаһар орманның үстімен төмендеп ұшты. Гүл жайылған дала, көлдер, өзендер, орман – бәрі анық көрініп жатты. Кейде әртүрлі құстар кездеседі. Ваня оларға сәлемдесіп қол бұлғады. Олар өз кезегінде қанаттарын қағып, бастарын шұлғиды. Құлағының түбінен жел ысқырды. Ваня бірдеңені құр жіберіп алмау үшін жан-жағына алақтап қарайды.
– Анау жылтырап жатқан не? – деп Ваня айқай салды.
– Қай жерде? – деп сұрады Айдаһар.
– Әне, алаңқайда, шыршаның астында. Қане көрейік!
– Ох, менің көрегенім, бәрін байқап қаласың, ал мен көзілдіріксіз тіпті көрмей де қалдым.

Ол – бос шөлмек қой, – деп жауап берді Айдаһар, алаңның үстінен ұшып бара жатып, жарқыраған ноқатқа жақындай түсіп.
– Тағы шөлмектерді лақтырып тастапты, – деп бұрқылдады Айдаһар, қалтасынан дорбасын алып жатып.– Вань, қара, мына жерде қалбыр құтылар да көп! Көмектес, достым, бәрін жинап алу керек.
– Кім лақтырып тастаған, Үш басты айдаһар? – деп Ваня түсінбей тұр.
– Кім, кім? Туристтер, дем алушылар, басқа кімдер дейсің! Ақымақ олар, Вань, табиғатты құртушылар. Олар үлкен адамдар бола тұра тек өшірілмей қалған алаудан, шылым мен сіріңкеден, орманға тастап кеткен бір шөлмектің өзінен де бүкіл орманның өртеніп кетуі мүмкін екенін білмейді.


– Қалай сонда? – деп Ваня түсінбеді.
– Түсіндірейін, – деді Айдаһар. – Шуақты күні шөлмек линзаның қызметін атқарады!
– Бұл сен сияқты – пеш болып па?
– Иә, бірақ мен пеш болып ақылмен жұмыс істеймін ғой, өрттен сақтанамын. Ал, шөлмектің ақылы жоқ! Өзінің жарқыраған дөңгелек бүйірімен  күннің барлық сәулесін бір жерге шоғырландырады, яғни ысытады. Ал, енді, ол жерде қозғалыссыз жатқандықтан, бұл сәуле бір нүктеге – мәселен, қураған жапыраққа немесе құрғақ талға бағытталуы мүмкін. Осы сәуледен шыққан жоғары температурадан өрт тұтанады. Ал, саған одан да гөрі түсініктірек болуы үшін айтайын, бос шөлмек күн сәулесі астында жатқанда ұлғайтқыш линзаның қызметін атқарады. Линза дегеннің не екенін білесің бе?

– Білемін, Айдаһар, ол екі бүйірі дөңес шыны ғой. Мен досым Мараттың шуақты күндері көрші балконда линзамен тақтайшаны күйдіріп түрлі суреттер салып жатқанын көргем. Ұшып келсейші, оның қалай істелетінін ол саған да көрсетеді.
Шөлмек-линзалар әр жер әр жерден жарқырап, жалтылдап жатты. Ал, орман тып-тыныш, жапырақтары сыбдырлайды және ол Үш басты айдаһар мен Ваняның өзін қандай қасіреттен құтқарып жатқанын сезбеді. Айдаһардың дорбасы толды. Шөлмектер торға қамалған қаһарлы аңдар секілді тордың ішінде отыр, енді олар орманға қауіпті емес.

– Қалбыр құтыларды аюға береміз, – деп шешті Үш басты айдаһар. – Ол орманда өзінің ісі – қаңылтыр қалбыр құтылардан тіс пастасына арналған түтік өндірісі бойынша шеберханасын ашты, – деді де Айдаһар құтылар толы дорбаны құйрығына іліп қойды.
– Аю тіс пастасын неден жасайды? – деп сұрады Ваня.
– Қайыңның күліне бал қосады. Енді ормандағы аңдардың бәрі таңертең және кешке аюдың тәтті тіс пастасымен тістерін ысады. Ешқайсының тісі ауырмайды! – деп түсіндірді Үш басты айдаһар.
– Бос шыны шөлмектерді сен екеуміз дүкенде лимонадқа айырбастап аламыз, – Үш басты айдаһар шаруақор жандарша ой түйді. – Мен лимонадты өте жақсы көрем! – ол армандап тіл қатты. Ол тағы да өзінің үш тілімен бірдей жаланып алғысы келіп кетті, бірақ сонамен болған оқиға есіне түсіп кетіп, бұл ойынан бірден бас тартты.
– Ұшайық, ұшайық жылдам. Қазір түстік мезгіл  болады! Мыстан мені әбден тосып қалды. Ботқа пісіру керек,– деді де Айдаһар ұшып кетті...

2 тарау. Мыстан кемпірдің үйіндегі түскі ас

– Әйтеуір келдің–ау! Неге сонша ұзақ жүрдің Үш басты айдаһар? – деп табалдырықтан аттамай жатып Мыстан кемпір күңкілдей бастады.
– Міне, Мыстан кемпір, танысып қой, досымды қонаққа шақыра келдім. Есімі Ванюша. Ваня табиғатты жанындай жақсы көреді және Халық даналығын жоғары бағалайды. Ол мені сона шаққанда құтқарып қалды.

Ваня Мыстанға құрметпен иілді.
– Амансыз ба?! Мынау Сізге арналған, – деп кемпірге басын иіп, құрмет көрсетті және бүлдірген толы себетін ұсынды.
– Рахмет, шырағым, құрметіңе. Мендей кәріге еңкейіп жеміс-жидек теру қиын. Қазір бүлдіргеннен ботқа жейсің. Үш басты айдаһар, бақырашқа от үрлеп жіберші. Міне, бәрі де дайын! Дастарханға келіңдер! Ас ішердің алдында қолдарыңды жууды ұмытқан жоқсыңдар ма? Ал, үйшік, орманға арқаңмен, бұлаққа бетіңмен бұрыл!
Үйшік қатты қозғалақтап кеткені сонша, пеш үстінде жатқан Мысық құлап қала жаздап, бұрышта отырған Қарға қанаттарын қағып-қағып жіберді де, қабырғаға шегеленген бұтаққа әзер отырып қалды. Үйшік қытқылықтап алды да, бұрылды. Дәл табалдырықтың алдында бұлақ пайда болды. Ваня қолдарын жуды, мұздай сумен жуынды. Ол бірден жеңілдеп, жадырап шыға келді. Түсте ішкен асы да оған ешқашан дәмін татып көрмегендей дәмді болып сезілді. Мыстан Ваняға түтікшеге оралған кереметтей құймақ жегізді. Құймақ-түтікшенің ішінде: бірінде – бал, біреуінде – жаңғақ, біреуінде – жемістер болды, ал кейбіреулеріне Мыстан кемпір қуырылған саңырауқұлақ ораған.
– Бұл менің фирмалық асым, – деді Мыстан, – «түтікше құймақтар», жей ғой шырағым, ас болсын!

Ал Үш басты айдаһар үш тәрелкеден бірден үш тілімен өзінің сүйікті бүлдірген қосылған ботқасын ашқарақтана жалап жатыр.
– Мыстан, Ванюшка сенен Халық Даналығын үйренгісі келеді. Ол өскенде әлгі Айболит сияқты аңдардың дәрігері болғысы келеді, – деді Айдаһар.

– Ол жақсы болды ғой, әйтпесе, мендей кәріге аңдардың бәрін емдеу қиын. Ертең менің ормандағы ауруханамда қабылдау күні, аңдар емделуге келеді. Міне, сонда үйренесің, – деді Мыстан .

– Мен сонда не істеймін? – деп Ваня таңдана сұрады.
– Не бұйырсам соны. Менің көмекшім боласың, – деп Мыстан кемпір уәде берді.
– Жарайды, – Ваня қуанып қалды. – Тек, түнге дейін үйге қайтып оралмасам, анам алаңдайды.
– Оны біз реттейміз. Ала қанат сауысқан, сен қайдасың? – деп Мыстан шақырды.
– Мындамын, кемпір, мындамын, қайыңда отырмын, – деді сауысқан үйшіктің ашық тұрған терезесінен ұшып кіріп.
– Қанаттым, сен Ваняның қаласына барып, анасына Ваняның ертеңге дейін менде қонақта қалатынын айт. Алаңдамасын. Оған мен қараймын ғой. Менің немеремнің орнында болады.
Сауысқан ұшып кетті.
– Мыстан Ванюшаға біздің күнделікті тіршілігімізді көрсетейік. Бізде қалай екенін көрсін, – деді Үш басты айдаһар.
– Мұнда не қалайы бар! Табиғаты тамаша. Бәрі де ғажайып ертегідегідей: келісі бар сыпырғыш, ұшқыш кілем, желаяқ етік және өзі ойнайтын сыйқырлы сыбызғы.

– Ал, Сізде теледидар бар ма? – деп сұрады Ваня.
– Сен менің немеремнің орнында болғандықтан, маған «Сіз» деме, «Сен» де, – деп әмір етті Мыстан, – менің құлағыма сол жағымды.
– Сенде теледидар бар ма? – деп қайта сұрады Ваня.
–    Теледидар жоқ, оның орнына айна бар, менің сыйқырлы шарайнам бар. Нені талап етсем, соны көрсетеді.
– Ол қалай? – Ваня таң қалды.
– Оның еш қиындығы жоқ, – әңгімеге Үш басты айдаһар араласты, – Мыстан, оған орманға шөлмектер мен құтыларды тастайтын жабайы зиянкестерді көрсетші. Әйтпесе, ол өзі зерек балақай болғанмен, олардың кім екенін білмейді. Мыстан сыйқырлы айнаны алды да, оны үш рет айналдырып былай деді:
«Менің жаһаным, айнам, айтшы,
Барлық шындықты көрсетші.
Қазір орманда кімдер жүр,
Қоқысты, құтыларды кім тастайды?”

Ваня айнаға қараған кезде ол теледидардың экраны сияқты Ваня мен Үш басты айдаһар шөлмек жинаған алаңқайды көрсетті. Туристтер шыршаның жанында гитарада ойнап, лимонад ішіп, құтылардың ішіндегісін жеп, шөлмектер мен құтыларды лақтырып көңіл көтеріп отыр:
– Қарап тұр, біз қазір оларға көрсетеміз! – Мыстан кемпір мен Үш басты айдаһар айғай салды.
Мыстан кемпір келіге секіріп мінді де, қолына сыпырғышын алды.
Үш басты айдаһар ұшуға оқталды.
– Мені де ала кетіңдерші! Мен де сендермен барам! – деп Ваня айқай салды.
– Саған не керек? Желаяқ етікті берейін бе? Жоқ, бірақ, сен оны басқара алмайсың, сен нұсқаулықты оқыған жоқсың. Ал, Үш басты айдаһармен ұшу қауіпті. Ол ұрыста қызып кетіп, құлатып алуы мүмкін. Менің келіме мін!– деп Мыстан кемпір бұйырды.

Ваня Мыстан кемпірдің келісіне мініп алды. Сөйтіп олар оқиға болып жатқан жерге тез арада жетті.
Күн қараңғыланып, кеш бола бастаған еді! Мыстан кемпір мен Үш басты айдаһар басбұзарларға тап берді. Алаң апалаң-топалаң болды! Мыстан кемпір сыпырғышпен дауыл тұрғызды.  Үш басты айдаһар күркіретіп найзағай ойнатты. Жолай бұлт ала келіпті. Оларды жауынмен жуындырды. Ал, Мыстан кемпір әр қайсысын сыпырғышпен, сыпырғышпен соқ...
– Орманға қоқыс тастайсың ба, – деп қояды.

Туристтер өздерінің заттарын тастай-мастай автобусқа жанталаса мінді. Шөлмектер мен құтылар әр жерде шашылып қала берді.
– Не деген көргенсіздік, – Ваня ашуланды.
– Қапаланба, қазір жинап аламыз, – Айдаһар тағы да дорбасын алып шықты, – біз орманымызды қоқыс төкпесіне айналдырмас үшін үнемі осылай тазалап отырамыз.
Айдаһардың құйрығында бірден үш дорба пайда болды. Ваня Айдаһардың арқасына мініп алып, оны ортаңғы мойнынан қатты қысып алды.
– Мыстанға ұшайық. Ол түнде жатарда сыйқырлы айнадан саған мультфильмдер көрсетеді. Ал, ертең сені үйіңе өзім тікелей балконыңа дейін апарып салам, – деді Айдаһар.  Олар ұшып кетті...
Жауыннан кейін орманның ғажайып түрге енгенін күн бата Ваня бірінші көріп тұр. Мұндай көріністі тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. Кешкі күн шұғыласының бояуларын ешқандай түрлі-түсті теледидардан көре алмайсың.

3 тарау. Мыстан кемпірдің сабақтары

Ваня Мыстан кемпірдің дәлізінде есте қаларлықтай уақыт өткізді! Үш басты айдаһар мен Мыстан демдеген хош иісті шөптен жасалған шайды Ваня бұрын ішіп көрмеген еді.
– Мыстан, сен шәйнекке не салдың? – деп сұрады Ваня.
– Шәйқурай, киікоты, жалбыздан аз-аздап, сосын кішкене қарақат жапырағын және итмұрыннан шым-шымдап, бір-бір шай қасықтан қостым. Олардың қандай болатынын білесің бе? – сұрады Мыстан.
– Білемін, бірақ шатастырып алуым әбден мүмкін.
– Мысықжан, маған пеш үстінде жатқан кептірілген өсімдіктер жиынтығын әперші, – деп әмір етті Мыстан.

Мысықжан ұқыппен қатырма қағаздар салынған үлкен қорапты алып берді.
– Сосын жақсылап есте сақтап, мұқият қарап ал,– деп Мыстан Ваняға киікоты, жалбыз, шәйқурай, итмұрын гүлі, қарақат жапырағы және тағы көптеген дәрілік шөптер сақталған құрғақ өсімдіктерді көрсетті.
Мыстан  Ваняға өсімдіктерді шайға дайындағанда, оған зақым келтірмейтіндей, ұшынан кесіп алу керектігін түсіндірді.

Осы уақытта саз батпақтан бақылдаған бақалардың дауысы барған сайын қатты шыға бастады. Күн кешкірген.
– Мыналар қазіргі эстрадалық топ сияқты – бір мәтінді жүз рет қайталайды. Оларды тыңдауға менің шыдамым жетпейді, – деді  Мыстан құлағын жауып жатып.

– Мыстан кемпір, ұрыспа, одан да Ванюшаға сыйқырлы айнаңнан мультфильмдер көрсет, – деп әңгімеге Үш басты айдаһар араласты. Ол тербелмелі орындықта өзімен-өзі болып орман газеттерін оқып отыр еді.
– Орман өмірінен бірдеңе көрсетші, – деді Үш басты айдаһар.
– Мыстан кемпір, өтінемін, құмырсқалар туралы көрсетші. Мен осыншама үлкен үй салатын ақылды құмырсқалардың илеуіне қарағанды жақсы көремін.
– Ананы қара, оқымыстым менің!

Мыстан  Ваняға құмырсқалар патшалығы-мемлекетінің өмірінен бірден бес бөлім мультфильм көрсетті. Ваняның алдынан басқа әлем ашылды.  
– Сен енді құмырсқалардың илеуін қорғау керек екенін естен шығармағайсың, – деді Мыстан.

– Иә, – деп жауап берді Ваня және екінші бөлімдегі құмырсқа илеуін сиыр басып кеткенде құмырсқалардың қырылғаны туралы масқара көріністі есіне алды. Ал, ол балалар орманнан илеу кездестіре қалса, қолдарына таяқ алып, оны шұқылайтынын талай көрген еді ғой. Енді ол мұндай бассыздықты тоқтатады.  
– Ормандағы барлық илеулерді қоршап тастау керек және «Байқаңыздар! Илеу!» деп жазып қою керек, – деді Ваня, – Құмырсқалар орман үшін пайдалы. Олар оны түрлі жәндіктер мен зиянкестерден қорғайды. Егер құмырсқалар болмаса, ашқарақ қызыл қоңыздар ормандағы барлық жапырақтарды жеп тастаушы еді!

Ваня көзін бір сәтке жауып, ойша жапырақсыз орманды елестетіп көрді.
– Дұрыс айтасың, шырағым, сен ақылдысың ғой, – Мыстан қостай кетті.
– Мыстан, тағы мультик көруге бола ма, – деп сұрады Ваня.
– Жоқ, менің жұлдыздым.  Бүгінге осы да жетеді. Әне, ай да туыпты. Ұйықтайтын уақыт болды. Ертең ұйқыны әбден қандырып, сергек тұру керек.
Мыстан кемпір пештің үстіне жатты. Үш басты айдаһар шатыр астындағы мансардқыға жайғасты, ал Ваняны дәліздегі гамакқа жатқызды. Таза ауада ұйқы қандай сіңімді!

4 тарау. Орман ауруханасы


Таң атар-атпастан Үш басты айдаһар Ваняны оятты.
– Ванек, оян, мен таңқурай теріп әкеліп, саған сүт қайнатып қойдым. Тұр! Ұйықтайтын уақыт жоқ. Қазір емделуге аңдар келеді. Біз Мыстанға  көмектесеміз.
– Мен не істеу керектігін білмеймін ғой. Мені сыныпта санитар қылып сайлағанда, мен балалардың қолдары мен мойындарының тазалығын тексеруші едім, – деді  Ваня.

– Тексергенің дұрыс. – Айдаһар бұлаққа үш мойнын қатар жуып жатып. – Тазалық – денсаулық кепілі. Ал, қалай көмектесу керек екенін мен саған үйретемін! – деп міңгірледі.

Ұшқыш кілемнің үстінде отырып, таңқурай қосылған сүтті рахаттана ішті. Мыстан кемпір оның қозғалмай, түзу жатуын талап етті. Сосын Мыстан қызыл кресті бар үшкіл орамалды байлап, кішкентай келіге шөптер мен тамырларды салып түйгілеуге кірісті, құмыраға емдік шөптерді қайнатты. Үш басты айдаһар оған көмектесті. Оның да үш басында қызыл кресті бар үш ақ телпек. Ол біресе түбір әпереді, біресе от алаулаған құмыра әпереді. Ваняның білегіне қызыл кресті бар ақ тартқыш тартып қойды. Мыстан оған келушілерді қарсы алуды әмір етті.

Осылайша, орман ауруханасы ашылды!
Бірінші болып аю Михайло Потапыч келді. Ол табанын қалбыр құтысымен кесіп алыпты. Оны демалушылар орманға лақтырып кеткен екен. Байқамай аяғымен басып кеткен, содан жарақат алған. Мыстан шеше жараға келіден алып сары ұнтақ септі.
– Бұл зығыр арамшөбі, сондай шөп бар, оны тағы балшөп деп те атайды, өйткені одан балдың иісі аңқып тұрады – деп Мыстан түсіндіріп жатыр, – гүлдері ұсақ сары және бал иісі шығады. Міне, қарашы. Мыстан  Ваняға өзінің кептірілген өсімдіктер жиынтығын көрсетіп, Мысықжан оны ерекше ілтипатпен ұсынды.  
– Бұл жай мысық емес. Ол менің кептірілген өсімдіктер жиынтығын Қорғаушым, – деп мысығын сипалады. Ал, мысық маңғаздана қорапты пеш үстіне алып кетті.
– Ал, енді, аяғын түйежапырақпен орап, шырмауықпен байлап тастаймыз, –

Мыстан осы сөзді айтты да дәліздің айналасында өсіп тұрған көгілдір шырмауықтың ұзын бір сабағын үзіп алды.
Таңғыш өте әдемі екен! Және байланған жара да ауырмайтын болды. Аю қуанғанынан және құрмет көрсеткеннің белгісі ретінде өзінің қабының ішінен тіс пастасының сықпасын тарата бастады. Бәріне: Мыстанға да, Үш басты айдаһарға да, Ваняға да, Мысықжанға да тарту етті.

– Сендердің тістерің ақ және сау болып жүрсін деп сендерге әдейілеп тіс пастасын жасап бердім! – деп қуанышын жасыра алмады ол.
Кірпілер келді. Зембілмен тиінді алып келіпті. Ол қасқыр жидегін қызыл қарақатпен шатастырып, жеп қойыпты. Ал қасқыр жидегін тіпті қасқырдың өзіне жеуге болмайды, ол өте улы.  
Мыстан кемпір өзі сөйлеп жүріп, оған қыш құмырадағы жылы шөпдәріні ішкізді:

– Орманда, Вань, жақсы және жайлы, бірақ ненің не екенін білу керек. Міне, мысалы, орманда адамға пайдалы шөп, жидектер, саңырауқұлақтар өсіп тұр, сонымен бірге денсаулыққа зиянды, қауіптілері де өседі. Вань, түсіну керек.
– Шыбынжұт және арамқұлақ – зиянды саңырауқұлақтар, өйткені олар улы, – деді Тиын. Ол енді өзін жақсы сезіне бастапты.
– Міне, олар қандай болады, – ол өзінің көйлегінің қалтасынан улы саңырауқұлақтардың суреттерін шығарды: шыбынжұт, арамқұлақ адам үшін де қауіпті.
– Шыбынжұт – қызыл, оның қалпағында тары сияқты ұсақ ақ дөңгелектер бар, – деп Тиын сөзін жалғай берді, – арамқұлақ – аяғы бар кішкене белдемше. Саңырауқұлақтарды мен жақсы танимын, ал жидектерді шатастырамын.
– Орманда мұқият болу керек, – деді Мыстан.
– Мыстан , улы шөптер бола ма? – деп сұрады Ваня.
– Болады, шырағым, болады. Мен саған оларды пайдалыларынан қалай ажырату керектігін бірте-бірте үйретем. Бәрін бірден игере алмайсың. Ал, әзірге орманда болғанда, білмейтін гүлдер мен шөптерді жұлма. Былай қарағанда қауіпті емес сияқты және әдемі болып гүлдеп тұрғандай болып көрінгенмен олардың ішінде от сияқты күйдіріп түсіретіндері де болады. Мысықжан, маған кептірілген өсімдіктер жиынтығын әперші. Міне, мысалы, мына гүл. Мыстан қураған және қытырма қағазға ұқыптап тігілген әдемі қызыл гүлді алып шықты.

– Мұның атауы көп. Оның өрт шарпымайтын купина, жіңішке жапырақты шаған, қазақша – қашаған деген үш түрлі атауы бар. Вань, осыны шатастырма.
– Қазақша ҚАШАҒАНДЫ есіме сақтадым, жіңішке жапырақты шағанды  есіме сақтадым, яғни оның жапырақтары жіңішке болғаны ғой, – деп қайталады Ваня.
– Мыстан кемпір, неге оны «өрт шарпымайтын купина» деп атайды? – деп Ваня түсінуге тырысты.

– Өйткені, шырағым, бұл өсімдік ыстық күндері гүлдің айналасына ыстық эфир бөліп шығарады. Егер Үш басты айдаһар осы гүлге от үрлесе, эфир жанып кетеді де, ал от қалай шарпыса да, гүл өртке шалынбай аман қалады. Міне, сондықтан оны ертеде халық арасында  өрт шарпымайтын купина деп атап кеткен.
– Мен ондай гүлді білемін, – деді Аю.
– Мен де білемін, – деді Тиын.
– Біз оны сырт айналып жүреміз, – деді аңдар.
– Сен де, Ваня, сырт айналып жүр, – деді Мыстан .
Міне, тағы жаңа емделуші келді! Қоян өзінің көжегін әкеліпті. Ол бір қолымен шешесін, ал екінші қолымен ішін ұстап тұр.
– Оған көрші алаңға жүгірме, үлкен орамжапырақты жеме деп қанша айтсам да тыңдамай барып жеп қойған. Орамжапырақ үлкен және оның құрамында нитраттар бар.
– Кешіріңіз, «НИТРАТ» деген не? – деп Ваня сөзін бөлді
–    Көкөністер өте ірі болып өсуі үшін бұл ұнтақ түріндегі тыңайтқыштарды адамдар егістікке себеді. Міне, мәселен, орманның маңындағы егістікте ірі орамжапырақ өсіп тұр, оған жерден адам денсаулығына зиянды нитраттар түскен.  Бұдан іш ауырады,– деп түсіндірді Қоян. – ал, біздің  қоян орамжапырағы болса бір бөлек. Ол кішкентай болса да, зиянсыз. Оны жегеннің қауіпі жоқ. Менің көжегім мені тыңдаған жоқ, үлкен орамжапырақты жеді. Енді не істейміз, Мыстан ? – деп Қоян сұрады.

– Не істейміз, не істейміз! Оны төсекке жатқыз. Кішкене жата тұрсын, ал мен жанды емдік шай дайындап берейін. Үйрен, Ванюша! Түймедақтан, сәлбеннен, күреңотыдан бір-бір қасықтан аламыз.
– Түймедақ та, сәлбен де, күреңоты да біздің үйшіктің маңында алаңқайда өседі, – деп Мыстан кемпір оларды көрсетті. Оларды есіңе сақта, өмірде керек болады.

Мыстан кемпір келіден ұнтақталған тағы бірдеңелерді қосты. Ваня олардың не екенін көріп үлгерген жоқ. Мыстан оған су құйды да былай деп бұйырды:
– Ал,Үш басты айдаһар, құмыраға от үрле. Солай – су қайнап шықты, онымен бірге шөп те қайнады. Енді шөптен жасалған қайнатпа кішкене тынши тұрсын, сосын біз оны көжекке ішкіземіз. Бәрін қолмен сылғандай жұлып алады!
– Мыстан, сен неге «қолмен сылғандай жұлып алады» дедің? – деп сұрады Ваня.
– Өйткені, менің оқымыстым, ерте замандарда жүрегі мейірімді, қолы шипалы адамдар болған. Мұндай адамдардың қолынан ерекше жылу леп ескен. Олар қолын ауырған жерге тигізсе болды – ауру ғайып болатын. Сондықтанда:  «Қолмен сылғандай жұлып алады» дейді. Ұқтың ба, шырағым?

– Түсінікті, Мыстан. Қазір ондай адамдар бар ма?
– Бар, Ванюша, бар, кейде оларды ЭКСТРАСЕНСТЕР деп те атайды.
– Іш, іше ғой пысығым! –  Мыстан  көжекке жас шөптен жасалған дәрі ішкізді.
– Тым ащы екен, – деп ашырқанды көжек.
Мыстан сөйлеп жүріп:
–    Іш, ащы болса да іш, артынан бір қасық балды жұтып жібер, мұның бәрі пайдалы. Қалай, жақсы болды ма?
– Жақсы, Мыстан, жақсы, енді анамды тыңдаймын – деп көжек төсектің үстінде секіре бастады.

5 тарау. Үш басты айдаһармен емдеу және ормандағы мереке

– Мыстан кемпір, ал сен қолыңмен емдей аласың ба? – деп сұрады Ваня.
– Жоқ, Ванюша, мен тек шөппен, тамырмен және Үш басты айдаһармен емдеймін, – деді Мыстан.
– Үш басты айдаһармен қалай емдейсің сонда? – Ваня таң қалды.
– Түк қиындығы жоқ. Егер біреулерге суық тиіп ауырса, Үш басты айдаһарға ептеп ыстық деммен үрле деп бұйырамын, ауырған жер ысиды, суық кетіп қалады. Қазір көресің.

Шындығында да Ваня осы кереметті көрді!
Түлкі жауынның астында қалып, беліне суық тигізіп алыпты. Терең тыныстай алмай, белін жаза алмай, Мыстан кемпірге емделейін деп әрең жеткен.
–Үш басты айдаһар, Лизаветтің бүйірлерін қыздыршы! Байқа – жайлап қана,  жиреннің түгін өртеп алып жүр ме! –  Мыстан жаны ашып.
Айдаһар үш жақтан жылы леппен үрледі.
– Кәне, қалай Лизавета, жақсы болып қалды ма? – деп сұрады Мыстан кемпір.
– Ой, жақсы болып қалды,  Мыстан, жақсы болып қалды,  қарлығашым! – мен енді билей де аламын.
– Онда биле, – деді Үш басты айдаһар.
– Сендерде музыка жоқ, музыкасыз үйреншікті емес.
– Музыка жоғы қалай? Ал, кәне, өздігінен ойнайтын сыбызғы, бізге билейтін бірдеңе ойнашы, – Мыстан әмір етті.

Өздігінен ойнайтын сыбызғы алаңға ұшып шығып, ортада қалқып тұрды да, ойнай жөнелді. Ешкім билемей тұра алмады. Түлкі де, Үш басты айдаһар да, Мыстан кемпір де, Ваня да, Аю – Михайло Потапыч те, Кірпілер де, Тиындар да, Қояндар мен көжектер, Мысықжан да бәрі билеп кетті. Көңілді музыканың әуеніне елтіп көрші ормандағы аңдар да билеуге және көңіл көтеруге келді.
Апалаң-топалаң деген осы!
Аңдардың бәрі құмары тарқағанша биледі. Мыстан кемпір олардың бәріне өзінің фирмалық түтікшеге ораған құймақтарымен және шөптен қайнатқан хош иісті шәйімен құрмет көрсетті.


Тек, ана бұтаның артында тығылып тұрған кім?
Ә, ол құйрығын бұтына қысып алып келген Қасқыр екен. Зообақтан қашып шығып, жолда құйрығын қақпанға қыстырып алыпты. Оны да емдеп жазды.  
Ол енді ешкімді, тіпті кәрі Үш басты айдаһарды да ренжітпеймін деп сөз берді.

6 тарау. Үш басты айдаһармен үйге анасына қайту


Орман алаңқайында ойын-сауыққа қызыққандары соншама, күннің батқанын да аңғармай қалыпты. Сол кезде Ваняның үйіне ұшып кеткен сауысқан оралды.
– Ваня, кешке дейін үйге оралмасаң, анаң сені ендігәрі орманға жібермеймін деді – деген хабарын жеткізді.
Үш басты айдаһар ұшуға дайындалды. Ваня барлық аңдармен, Мыстан кемпірмен қоштасты. Ол оған бір шоғыр дала шөптерін сыйлады.

– Сен, Ванек, егер ауырып қалсаң, дәрілерді көп ішуге әуес болма. Табиғи дәрілер – дәрілік шөптерден жасалған шәй қашанда жақсы, – деп ақыл айтты Мыстан  және көзіне жас алды. Білімқұмар әрі зерек Ваня оған қатты ұнап қалған еді. Ол оны өзінің немересіндей жақсы көріп қалды.  
– Жылама, Мыстан, мен саған әлі ұшып келем.Үш басты айдаһар әкеледі.
Үш басты айдаһар орманның үстіне ұшып шықты да, зымыраған күйде қалаға жетті. Айдаһар үш тұмсығымен бірдей түшкіріп қалып:
– Қандай түтінді еді! – деп реніш білдірді. Ваня оның үстінен құлап қала жаздады.  
– Аз түтіндетуге болмас па еді? Адамдар, мұнда қалай дем алады?! – деп бұрқылдады Айдаһар.

Міне, Ваняның көшесі, үйі, бесінші қабаттағы балконы.
– Қамықпа,Үш басты айдаһар, мен саған келесі жолы галстук сыйлаймын.
– «Галстук» деген не? – деп сұрады Айдаһар, балконның үстінде қалықтап тұрып.
– Оны әсемдік үшін мойынға тағады.
– «Әсемдік» деген не?
– Ол...

Айдаһар бұл кезде алыстап кеткен болатын.
– Иә, оған жаңа көзілдірік те сатып әперу керек, – деп ойлады Ваня.
Балкон есігі ашылды:
– Ванюша! – анасы құшағын айқара ашты.
– Бұл саған, анашым, – деп Ваня анасына орман гүлдерінің шоғырын ұсынды.