Мысық Мур және оның командасы
Ерте заманда Мур деген мысық өмір сүріпті. Ол бесінші қабаттағы жұмсақ және жайлы жиһазы бар пәтерде тұрып жатты. Мурдың өзі жұмсақ әрі мамық болғандықтан, пәтердегі барлық жұмсақ әрі мамық нәрселерді ұнататын. Әсіресе, теңіз жұлдызы сияқты аяқтарыңды кең жайып, созып жіберіп жатуға болатын диван өте ұнайтын. Ол, сондай-ақ, өзімен бірге тұратын адамдар сияқты креслода отырып, теледидар қарағанды жақсы көретін. Теледидардың даусы шыға салысымен Мур жанына жетіп барушы еді. Әкесі көретін жаңалықтарды, жануарлар әлемінен, жеке адамдардың өміріне қатысты бағдарламалар, бәрі-бәрі де Мурды өте қызықтыратын. Ол Аиша балақаймен бірге мультиктер көргенді де ұнататын және мысық Аиша сабаққа қалай дайындалатынын мұқият қадағалайтын да, жазу мен оқуды үйрене жүретін. Мұның бәрі бекер кеткен жоқ. Өйткені, уақыт өткен сайын ол ақылды бола бастады. Жалпы, ол ерекше мысық болатын. Қожайындары екі аяқпен қалай жүретінін көріп жүрген ол да артқы екі аяғына тұрып алатын және оған мысықтың қабілеті жететін.
Мурдың өмірі бір қалыпты тыныш өтіп жатты. Ол адамдар, иттер және мысықтар жөнінде түрлі оқиғалар мен олардың ерлік істері туралы мультиктерді көріп алып, өзінде де сарқылмайтын күш бардай сезінді және өзінің тек Аишамен ойнағаннан немесе пәтердің ішінде ит Аваны қуалағаннан гөрі, одан үлкен істерге қабілеті жететінін түсінді. Иә, мысық онымен теңесе алмайтын. Ол алып Аваның қасында ол кіп-кішкентай мысық еді. Аваның тұмсығы үстелге жететін еді, сондықтан ол анасының отбасына дайындаған шұжығы бар бутербродты жеп алатын. Оған әсіресе, Мурмен бөлісіп жейтін шұжықтың дөңгелек бөліктері қатты ұнайтын. Ава қарапайым ит емес, биші ит болғасын, Мур оның көп қылықтарына кешіріммен қарайтын. Ава ақылды және талантты ит болғандықтан музыка мен би билеуді тез-ақ үйреніп алған. Олар қыстың ұзақ кештерінде көңілді әуенге қосылып алып, бөлме ортасындағы кілемнің үстінде ұзақ би билейтін еді. Ал, Мур диванда созылып жатып, оларға ықыласпен қарайтын.
Көптен күткен көктем де келді. Терезе түбінен шатырға қатып қалған сүзгілердің кап-кап деп еріп жатқан тамшылар тырсылы естіледі. Сүңгілер неғұрлым көп болса, тамшылар үні әдемі бір көктем әуезіне айналатын. Мур, Ава және Аиша терезенің жақтауына отырып алып, сүңгілердің тырсылын және даладағы құстардың ән салған дауыстарын тыңдағанды жақсы көретін. Мур да, олар да көктемнің келгеніне өте қуанышты, өйткені көктемнен кейін жаз келеді. Ал, жазда Ава мен Аиша саяжайға барады, Мур да олардан қалмайды.
Олардың ойы жүзеге асатын болды. Анасы бәрін өзінің ақ машинасына отырғызды. Аиша балалар тасуға арналған құндақта анасының қасында, ал Мур мен Ава артқы орындыққа жайғасты. Ава бірден ұйықтап кетті, ал Мур терезеге қарап келеді. Оған қасынан ормандардың, алаңдардың, кішкене өзендердің қалай зулап қалып жатқанын қадағалау қызықты болды.
Әжей келген қонақтарға қуанды, әр түрлі дәмдерге толы дастарханға қонақтарды шақырды. Анасы мен Аишаға – самсалар мен құймақтар, Аваға – ботқа, ал Мурға үлкен тостағанға өзінің сиырынан сауып әкелген жылы сүт құйды.
Сосын бәрі жатып ұйықтады. Аспанның астында жұлдыздарды санап, саяжайдың таза ауасын жұтып ұйықтағанға не жетсін! Аспанда жыпырлаған үлкенді-кішілі жұлдыздар жарқырайды. Жұлдыздардан құралған жарық жолақ жол жасаған. Қаладан мұндай әсерлі көріністі көре алмайсың. Өйткені, оны көше шамдары күңгірттендіріп жібереді.
Таңертең Мур, Ава және Аиша бақшадан кейін бірден басталатын баудың ішін аралап кетті. Мур мұнда әр жаз сайын болатын. Бір қарағанда, орманда өткен жыл ішінде ештеңе өзгермеген сияқты. Көктеректің жапырақтары бұрынғысынша сыбдырлайды, қайыңның талдары тербеледі, шыршалар мен емендер ауаны қылшаның жұпарына малындырып тұр.
– Бірақ, бір өзгеріс бар сияқты, – Мур байқап қалды. – Кейбір ағаштардың жапырағы неге мүлдем жоқ? Кейбір алаңқайларда гүлдер де, шөптер де жоқ – тек қара жер жатыр.
– Әженің бақшасында картоп сабақтарында, яғни картоп жапырақтарында қара жолақтары бар сарғылт қоңыздар отыр және олар оны араны ашылып жеп жатыр, – деді Ава.
– Мүмкін орманда не болып жатқанын біреулер білетін шығар? – деп сұрады Аиша және – аууу! – деп айғай салды.
– Орманда біреу бар ма? Мяу-у-у-у, – мысық Мур әлі келгенше бар дауысымен айғай салды.
– Аңдар, құстар не болып жатқанын кім біледі? – деп сұрады Ава, гав, гав, гав!!! деп үріп жіберіп.
– Не болды? Мені неге ояттыңдар? – деп қанаттарын қағып-қағып жіберіп ақылды үкі Соня ызалана дауыс шығарды. Үкілер күндіз ұйықтап, түнде ұшатын ақылды және данышпан құстар. Сондықтан, олар орманда не болып жатқанын көріп-біліп отырады.
– Орманды бақытсыздық әкелген обыр шегірткелер қаптап кетті. Олар топ-топ болып жүріп жолындағы ағаштардың жапырағын, шөптерді, гүлдерді, тіптен бидай, қара бидай егістіктерін, қысқасын айтқанда барша өсімдіктердің барлығына шабуыл жасайды және тып-типыл ғып қырқып тастайды.
– Масқара! – деді Аиша.
– Сұмдық! – деді Ава.
– Достар, бірдеңе істеуіміз керек. Орманды құтқаруымыз керек! – деді Мур!
Мурдың өзі ішінен – Мен кішкентаймын ғой, мен орманға қалай көмектесе аламын!
Осы кезде оның ойына өзінің атасы мысық Тимофей түсті – «Алып тұлға болса да – ақымақ, кішкентай болса да – пысық». Менің бойым кішкентай болса да, мен, әрине, пысық мысықпын, – деді өзіне-өзі Мур. Ол батырлар туралы мультиктерді бекер көрген жоқ. Ол тектен-текке өзінің бойында сарқылмас күш бар екенін сезінген жоқ. Міне, енді соны іске асырудың сәті келді.
– Ең бастысы күшті дұрыс бөлу керек: кімнің не істеу керектігін. Енді менің командамда үкі Соняның да болғаны қандай жақсы болды. Ол ормандағы барлық құстарды көмекке шақыра алады, – деп ойлады мысық.
– Мен ормандағы барлық құстарды көтеремін, олар обыр шегірткелерге тап береді, – деді үкі.
– Мен оған көмектесемін, – деді Ава.
– Ал, мен қалаға анама қоңырау шаламын да, не болғанының бәрін айтам, – деді Аиша. – Анам да бізге көмектеседі.
Аваға көмекке көрші саяжайдан төбет Барбос келді. Аиша ұялы телефонмен анасына қоңырау шалып, мысық Мурдың орманда обыр шегірткеге қарсы қандай ұрыс ұйымдастырғанын бәрін айтып берді. Анасы мысық пен оның командасына бірден көмек көрсетуге ұмтылды.
Ол көмекке орман авиациясын шақырды.
Міне, басталды! Иттер ағаштардың арасын аралап жүріп, орман құстарын аспанға көтерді. Ал, үкі ұшқан құстарды обыр шегірткелердің қалың шоғырланған жерлеріне қарай бағыттап отырды. Аиша көрші саяжайдағы барлық балаларды шақырып алып, әжесінің су құйылған қалбыр құтыларына колорад қоңыздарын жинатты. Мур нағыз командирше орман мен бақша зиянкестері мен обыр шегірткелерін және құстардың ұрысын ағаштың басында отырып бақылады. Күн сәскеден асқанда команданың барлық сарбаздары шаршап көк алаңға жантая-жантая кетті. Обыр шегірткелерінің көптігі сонша құстар оларды тауыса алмас еді.
Осы кезде орман авиациясының тік ұшағы келіп жетті. Оның командирі Иван Петрович дауыс күшейткіштен айғайлап келеді. Ол балаларға, аңдарға, құстарға үйлеріне, індеріне, қуыстарына тығылып қалуды және обыр шегірткелерін өлтіретін түймедақтың кептірілген гүлдерінен жасалған ұнтақты шашып біткенше шықпауға бұйрық берді. Бұл ұнтақтау адамдарға, аңдарға, құстарға зиянды емес, одан тек обыр шегірткелері өледі.
– Зиянсыз көк шегірткелер де өлуі мүмкін, – деп осы тұста әңгімеге үкі араласты. Олар ормандарға, далаға, бақтарға және бақшаларға зиян келтірмейді. Бірақ обыр шегірткелеріне өте ұқсас келеді.
– Ал көк шегірткелерді обыр шегірткелерден қалай айыруға болады? – деп сұрады Аиша.
– Залым обыр шегірткелер көк шегірткелерден әлдеқайда үлкен, ұзындығы үш сантиметрден артық болады. Олардың мұрттары қысқа, түсі жауынгерлікке ұқсаған үстінде қара ноқаттары бар сұрша-жасыл. Солдаттардың далалық киімдерінің түсіне ұқсайды. Обыр шегірткелердің тобы күндізгі мерзімде бір орыннан екінші орынға ұшып жүріп, өздерінің жолдарындағы барлық өсімдіктерді жеп қояды.
Ал көк шегірткелер кішкентай жасыл және зиянсыз. Олар мейірімді, тістемейді.
Олардың мұрттары ұзын. Көк шегірткелер негізінен түнде және жалғыз-жарым жүріп шіркей аулайды.
Сондай-ақ, обыр шегіртке қорқынышты, ал көк шегірткелер қорқынышты емес, – деді үкі сөзін түйіндеп жатып.
Көк шегірткелерге де ескертілді. Мур өзінің командасына пананы тасалауды бұйырды. Және бәрі – Аиша, Ава және төбет Барбос пен мысықтың өзі әжейдің үйіне тұра жүгірді. Ұйқышыл Соня үкіні де өздерімен бірге ерте кетті. Ол жақсы еңбек етті, орманды бірнеше рет айнала ұшып, құстарды обыр шегірткемен күресуге көтерді, енді әженің үйінде қонақта алаңсыз ұйықтап алсын.
Жарқыраған күн сәулесі саяжай үйлеріне, орманға және бақшаға түсіп, таңертеңгі жазғы жаңбыр жауды. Мур, Аиша және Ава орманға тұра жөнелді. Көргендеріне таң қалды. Жерде жыпырлаған обыр шегірткелерінің өлігінен аяқ алып жүрер жер жоқ.
Олар енді еш нәрсе жей алмайды.
– Ура! Жеңіс! – Аиша айқай салды.
– Муррр! Мяууу! – деді мысық Мур.
- Жарайсың Мур! Кішкентай болсаң да, пысық екенсің, – деп Ава мысықты мақтады.
Осы кезде төбет Барбос келе жатты.
– Әжемнің бақшасында бірде-бір колорад қоңызы жоқ, – үрді ол.
Ал, әженің қалай қуанғанын көрсең, оны ертегімен айтып та, қаламмен жазып та жеткізе алмайсың.
– Рахмет, менің айналайындарым, сендер менің егінімді сақтап қалдыңдар. Күзде өнім жинау мерекесіне келіңдер! – әжей өнім үшін ұрысқа қатысқандардың бәрін шақырды.
Зымырап жаз да өте шықты. Жеміс пісті, көкөніс өсті. Әжей қысқа керек болатын саңырауқұлақ, жидек және картоптарын жинап алды. Енді күзгі сабантой мерекесін ұйымдастыруға болады. Қонақтарға әркім өзінің қалауы бойынша сүйікті тағамдарын даярлап берді, ас су кеңінен мол болды.
Ұрысқа қатысқан Мурға оның көмекшісі Аишаға кілегей қосқан арнайы торт пісірілді. Ава мен төбет Барбос өздерінің шұжықтан жасалған бутербродтарын алды, ал үкі Соня үлпілдек жүгері жеді.
Орманға Аишаның анасы келді, өзімен бірге ұшқыш Петр Ивановичті де ала келіпті. Ол сырнайда ойнады, ал басқалары ән айтып, би биледі. Ал, Ава мен Аиша биге қыс бойы дайындалғандықтан өте тамаша биледі. Мысық Мур мерекелік дастарханның басында отырып, өзінің кішкентайлығына қарамастан үлкен істер атқаруға болатынын, ең бастысы қорықпау керек екеніне көз жеткізді.
Ал, қақпаның сыртына Мыстан кемпір келісімен ұшып келіп қонды. Оның келісімен кез-келген жерде ұшып жүре беруге болады.
– Сендер мына жақта мейрамдап жатсыңдар, ал егістікке құжынаған тышқан бидайды құртып барады, нансыз қаламыз, – деді Мыстан.
– Бізді тағы да ұрыс күтіп тұр, – деп шешім қабылдады мысық Мур.
Бірақ, ол туралы – жаңа топтамада.